Қазақстанның батыс өңірлеріне электр энергиясы Ресей арқылы Екібастұздан жеткізілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан еліміздің батыс өңірлеріне электр энергиясын ресейлік желілер арқылы Екібастұздан жеткізеді. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, интеграция мәселелері бойынша Қазақстанның үйлестіру кеңесінің төрағасы Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

«Біз бұл тақырыпта ресейлік әріптестермен келіссөздер жүргіздік. Біздің Екібастұздағы МАЭС-терде өндірілген электр энергияларын Ресейдің аумағы арқылы еліміздің батыс өңірлеріне жеткізуге болар еді. Олар электр қуатын Ресейден сатып алуда», - деді вице-премьер. Б.Сағынтаевтың сөзіне қарағанда, Екібастұзда артылған электр энергиясы Ресейге 4,5 теңгеден сатылады. Сонымен бірге Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының кейбір аудандары энергияны р есейлік «Интер РАО ЕЭС» ААҚ компаниясынан 12-14 теңгеден сатып алады.

«Бұл тұрғыдағы алшақтық үлкен. Сондықтан да біздің электр энергиямызды өткізу жайында айттық. Өзіміздің халқымыз үшін олардың аумағы арқылы энергияны жеткіземіз», - деді ол.