Қазақстанның Білім және ғылым министрі қырғызстандық әріптесімен кездесті

АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Бақыжан Жұмағұлов Қырғызстан білім министрі К.Садықовпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан білім ведомстволарының басшылары Астана қаласында халықаралық Түрік академиясын және Ош қаласында мектеп салу мәселесін талқылады.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Екі жақты кездесу барысында Астана қаласында халықаралық Түрік академиясын құру және Ош қаласында мектеп салу жөнінде келісімге қол қою туралы көкейкесті мәселелер талқыланды»,- делінген баспасөз қызметінің хабарламасында. Сондай-ақ, министрлер республикалар арасындағы балама айырбас шеңберінде кадр даярлауды жалғастыру және басқа да білім беру саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар мәселелерді талқылады.

Естеріңізге сала кетейік, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің екінші Саммиті қарсаңында Қырғыз Республикасында ТМЫК-ге қатысушы елдердің Білім және ғылым министрлерінің мәжілісі өткен болатын. Мәжілісте ТМЫК-ге қатысушы елдердің білім министрлері кеңесін құру, сондай-ақ халықаралық Түрік Академиясы мен жалпыға ортақ білім беру кеңістігін құрудың келісімдік-құқықтық базасын дамыту жөніндегі бірлескен шараларды қарастыру мәселелері талқыланды.