Қазақстанның бірінші Премьер-Министрі Сергей Терещенко жайында не білеміз

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстанның бірінші Премьер-Министрі Сергей Терещенко 72 жасқа қараған шағында өмірден озған болатын. Осыған орай ҚазАқпарат көрнекті мемлекет қайраткерінің өмір жолы жайындағы деректі оқырман назарына ұсынады.

Терещенко Сергей Александрович 1951 жылы дүниеге келген. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Алматы жоғары партия мектебін, Ресей ҒА Экономика институтын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежесі бар.

Фото: time.kz

Ол Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін сол кездегі Шымкент облысына қарасты Түлкібас ауданының Куйбышев атындағы кеңшарға бас инженер ретінде жұмысқа жіберіледі. 2 жылдан кейін, яғни 1975 жылы Түлкібас аудандық комсомол комитетінің біріншіхатшысы болып сайланады. Онда 4 жыл жұмыс істегеннен кейін Түлкібас аудандық партия комитетінің меңгерушісі, Бөген аудандық партия комитетінің екіншіхатшысы, Ленгір аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болады.

1985 жылы Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитеті ұйымдастыру-партия жұмысы бөлімінің инспекторы болып қызметке кіріскенімен сол жылы Шымкент облыстық партия комитетінің хатшылығына жіберіледі. Ал 1986-1989 жылдары Шымкент облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1989-1991 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының брінші орынбасары, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Қазақ КСР Президентінің орынбасары, Қазақ КСР Президенті Кеңсесінің басшысы, Шымкент облыстық партия комитетінің 1-хатшысы, сондай-ақ халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы болады.

Фото: time.kz


Ал 1991 жылдың қазаны мен 1994 жылдың қазаны аралығында Қазақстан Республикасының бірінші Премьер-Министрі болып еңбек етті. Ол уақыт еліміз енді егендік алып, экономикамыздағы ахуал өте мүшкіл кезең еді.

Фото: time.kz


Осы орайда айта кетерлігі, 2021 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» электронды кітабын дайындап шығарған болатын. Дәл осы кітапта Сергей Терещенко естеліктерін бөліскен-ді.

«Бүкіл экономикалық проблема Министрлер кабинетінің мойнына артылды. Сол уақытта, әсіресе өткен кезеңде бізде кәсіби Үкімет болғанын атап өткім келеді... Жоспарланған дүниенің көпшілігін жүзеге асыра алмағанымыз басқа мәселе. Себебі ең алдымен қаражат жетіспеген болатын Инфляция сұмдық, 2 400, 2 600 пайыз болатын. Айталық, бүгін 1 рубль болған зат ертеңінде 20 тиын ғана болып қалатын. Әрине, көп жұмыс істеуге тура келді. Қиындықтар да көп болды. Кеңестік басқару мектебінен өткенім көп септігін тигізді. Партиялық және мемлекеттік құрылыстың барлық сатысынан өтуім де көмек болды», - деп еске алған еді Сергей Терещенко ел Үкіметін басқарған кезеңі жайында.

Фото: Алексей Куденко, Коммерсантъ


Ол 1994 жылғы қазаннан бастап «Интеграция» халықаралық қорының Басқарма төрағасы және соңғы бенефициары болды. Қордың басты мақсаты - геоинтеграциялық үдерістерге және Қазақстанның қазіргі әлемнің біртұтас экономикалық, саяси және мәдени кеңістігіне тең құқылы кіруіне ғылыми-практикалық жәрдемдесу. Қордың негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен және сатумен тікелей айналысатын 150-ден астам еншілес фирмасы бар.

Фото: time.kz

Сергей Терещенко «Отан» Республикалық саяси партиясы төрағасының міндетін атқарушы, Қазақстан халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары, 2004 жылғы 15 сәуірден бастап Қазақстанның сақтандыру нарығына қатысушылар қауымдастығының президенті қызметтерін атқарды. Бірқатар мемлекеттік наградамен марапатталған ол Алматы қаласының және Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, Израильдің құрметті консулы болды.

2010 жылдың наурыз айында ұлттық омарташылар одағын құрып, оған жетекшілік жасады. Одақ кадрларын Ресейдің Ара шаруашылығы академиясына жіберіп, білімдерін жетілдіруге күш салды.

Фото: time.kz

Бал арасын ғылыми тұрғыдан зерттеді, шаруашылыққа жаңа технология алып келумен айналысты. Өнімін Қытай, Ресей, Қырғызстан сынды бірқатар шет елдерге шығарды.

Басты фото: time.kz