ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева Санкт-Петербург турниріне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі кезде аталмыш жарыстың іріктеу сайыстары өтуде. Сондықтан Ю.Путинцеваның қарсыласы кейін белгілі болады.
Жүлде қоры 757 900 АҚШ долларына бағаланған байрақты бәсекеде Аустралия ашық чемпионатының финалисі, әлемнің екінші ракеткасы, чехиялық Петра Квитова бастаған мықты теннисшілер бақ сынайды.
Санкт-Петербург жарысы 3 ақпан күні мәреге жетеді.
Сенбі күні Аустралия ашық біріншілігінің соңғы бәсекесінде П.Квитованы жеңген Наоми Осака бүгін жаңартылған рейтингте көш бастады. 21 жасар теннисші Азия спортшылары арасында тұңғыш рет бірінші ракетка атанып отыр. Қазақстандықтардан Ю.Путинцева 39-орыннан 41-ге, Зарина Дияс 95-тен бір сатыға төмендеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Новак Джоковичтің Аустралия ашық чемпионатын жетінші мәрте ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).