Қазақстанның бірқатар әуежайлары өздерінің шығындарын тіпті 2030 жылға қарай да жаба алмайды - AMG

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның кейбір әуежайлары 2030 жылға қарай да жолаушылар ағынының аз болуы себебінен өздерінің шығындарын жаба алмайды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің ресми сауалына қайтарған жауабында «Airport Management Group» (AMG) ЖШС хабарлады.

«Әуежайлар өздерінің операциялық шығындарын жабуы үшін жылына кемінде 200 мың жолаушылар ағыны болуы тиіс. Әуежайлар желісін дамыту болжамына сәйкес Көкшетау, Петропавл және Семей сияқты бірқатар өңірлік әуежайлар тіпті 2030 жылға қарай да осы деңгейге жете алмайды», - деп әңгімеледі ҚазАқпаратқа AMG-да.

Компанияның мәліметтері бойынша 2014 жылы Астана әуежайы 3 млн. жолаушыға қызмет көрсеткен, Шымкент әуежайында өткен жылы жолаушылар ағыны 440 мың адамды құрады. Қостанай қаласының әуежайына жылдық жолаушылар ағыны - 120 мың, Қызылордада - 167 мың, Көкшетауда - 19 мың және Петропавлда -17 мың жолаушыны құрады.

AMG атап өтуінше, әлемдік тәжірибеде халықтың әлеуметтік жұмылуын қамтамасыз етуге өңірлік әуежайларды жұмысқа қабілетті жағдайда ұстап тұру, сондай-ақ елдің экономикалық белсенділігіне өңірлерді тарту және жаһандық экономика үшін қажет, сондықтан да бұл міндетті және авиабағыттарды субсидиялауды мемлекет өз мойнына алады. Қолдаудың бұл шаралары әрқашанда бір мезгілде қолданылады.

«Қазіргі кезде Қазақстанның заңнамасында авиабағыттарды субсидиялау тетігі бар, алайда Үкіметтің аймақтық әуежайларды тікелей субсидиялауға өкілеттігі жоқ. Бұл проблеманы шешу үшін «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу қажет», - делінген компанияның хабарламасында.

«Airport Management Group» ЖШС 2013 жылы қарашада құрылды және мемлекеттік әуежайлар желісін басқару холдингі болып табылады. 2014 жылғы қыркүйекте Астана, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Шымкент, Қызылорда қалаларының әуежайлары акциясының мемлекеттік пакеттері AMG-ға сенімді басқаруға берілді. Басқарушы компанияның қоржынында 11 әуежайды шоғырландыру көзделген.