Қазақстанның бірқатар облыстарында төтенше жоғары өрт қауіптілігі сақталады - 7 маусымға арналған ауа райы болжамы

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Циклон және онымен байланысты атмосфералық бөліктер 7 маусым күні Қазақстан аумағының  көптеген бөлігіне өзінің ықпалып сақтап қалады, деп хабарлайды Қазгидрометке сілтеме жасаған ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен.

Мұнда кейбір жерлерде жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды, жел күшейіп, кейбір жерлерде шаңды дауыл соғады. Батыс аудандар антициклонның ықпалында болып, онымен бірге шуақты және ыстық ауа райы күтіледі.

Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Алматы, түнде Солтүстік Қазақстан, күндіз Қостанай, Қарағанды облыстарында кейбір жерлерде жел 15-20 м/с дейін күшейеді, Маңғыстау және Атырау облыстарында шаңды дауыл болады.

Маңғыстау, Атырау облыстарында, Батыс Қазақстан облысының кейбір жерлерінде күн қатты ыстық болады.

Қызылорда облысында, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында төтенше жоғары өрт қауіптілігі сақталады.

Жақын тәуліктерде республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығысы мен шығысындағы өзендерде су ауытқулары күтіледі.