Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы лауазымына - Даулен Балықов, Бостандық ауданының №2 аудандық сотының төрағасы болып, Жанат Бекжанов тағайындалды. Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы лауазымына Орал қалалық №2 сотының судьясы қызметін атқарған Дәулетқалиева Ғалия Манарбекқызы тағайындалды. Қостанай облысының сот қауымдастығына облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының жаңа төрағасы Шәмшиев Арман таныстырылды. Жамбыл облыстық сотының төрағасы М.Бектұрғанов сот ұжымына мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы қызметіне тағайындалған Сембек Баймахановты, Қордай аудандық сотының төрағасы Сакен Тұрғынбаевты, Тараз қалалық №2 сотының судьясы Ернар Жаманқұловты ресми түрде таныстырды. Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы А.Рахметулин ұжымға Шемонаиха ауданының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметіне тағайындалған Сәрсенбаев Санатты, Бесқарағай аудандық сотының төрағасы Әбдірахманов Әріпханды, Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Қайырбаева Лаураны таныстырды. Облыстық сот төрағалары жаңадан тағайындалған төрағалар мен судьяларды сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру және азаматтардың сенімін нығайтуды, ең бастысы заң үстемдігін сақтай отырып, қызмет етуге шақырды.
10:52, 06 Қаңтар 2015
Қазақстанның бірқатар облыстарында жаңадан тағайындалған соттардың судьялары мен төрағалары таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 5 қаңтар күні Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстық соттарында және Алматы қалалық сотында Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес жаңадан тағайындалған облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары таныстырылды, деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметінен.