Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлім етті.
«2016 жылдың бірінші жартысында монополияға қарсы орган жанар-жағармайдың бөлшек саудасымен айналысатын нарық субъектілеріне тергеуді аяқтады. Оның нәтижесінде монополиялық кіріс тәркіленіп, айыппұл сомасы 200 миллион теңгеден асты», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар комитет төрағасы азық-түлік бағасы халықты қатты алаңдататынын айта келе, оларға баға тұрақты болуы үшін монополияға қарсы орган бағаның күрт және негізсіз өзгеруін, тауарлардың тапшылығын, монополиялық жоғары бағаларды, бағалық «сөз байласу» себептерін анықтау үшін тергеу жүргізуге құқығы бар екендігін ескертті.
«Комитеттің аумақтық департаменттері апта сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына мониторинг жүргізеді. Ол үшін ірі супермаркет, базар, азық-түлік дүкендері мен сауда орталықтарына барады. Қазір комитеттің аумақтық бөлімшелері бірқатар өңірде 23 тексеру, оның ішінде қанттың көтерме саудасы, азық-түлік өнімдерін шығару мен өткізу және нан қабылдау пунктері жұмысына қатысты жүргізілуде», - деді С.Жұманғарин.