Қазақстанның бірқатар ҮЕҰ «параллельді коференцияға» қатыса алмай отыр - С. Галиева

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстанның бірқатар үкіметтік емес ұйымдары «ҮЕҰ параллельді конференциясына» қатыса алмай отыр. Бүгін елордада ЕҚЫҰ аясындағы Шолу конференциясы аясында «Молодежный медиа-союз Казахстана» жеке қорының басшысы Светлана Галиева осылай мәлім етті.

Сөз арасында еліміздегі адам саудасы тақырыбына қатысты атқарылып жатқан шараларға тоқталған қор басшысы,осы бағытта ақпараттық науқанның тиімді тұстарына тоқталып өтті. Бұдан бөлек, өз сөзінде С. Галиева әлеуметтік жағынан аз қорғалған балаларға қатысты жекеменшік қордың айналысатын шараларының тәжірибелік тиімділіктеріне назар аударды.

«Сөз соңында биік мінберді пайдаланып жақын күндері өтетін «параллельді конференцияға» қатысты бір мәселені көтергім келеді. Менің ұйымым және Қазақстанның басқа да 70-тен астам Үкіметтік емес ұйымдары «ҮЕҰ параллельді конференциясына» қатысу туралы өз өтініштерімізді жасап, тапсырыс бергенімізбен осы уақытқа дейін ешқандай жауап та, түсініктеме де алған жоқпыз. Сондықтан да, біз әлі күнге бұндай шараға қатыса алатынымызды білмей отырмыз. Дегенмен, біздің ақпаратымыз бойынша Қазақстанның 20-дан астам ұйымы бұндай шараға қатысу туралы ұсынысты алған. Сонда бұл шараны ұйымдастырушылар біреуге саммитке қатысуға рұқсат беріп, енді біреуді елемеуде қандай мәселені басшылыққа алады екен? Соны білгіміз келеді», - деді С. Галиева.

Бұл ескертуді қаперге алған ЕҚЫҰ ДИАҚБ өкілі жағдайды анықтауға уәде берді.