Қазақстанның бірнеше облыстарында жолдар жабылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауа райының нашарлауына байланысты Ақмола, Павлодар және Қарағанды облыстарында автокөлік қозғалысы жабылды, деп хабарлады ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті.

Ақмола облысында ауа райының нашарлауынпа байланысты (бұрқасын, көрінімнің нашарлауы, көктайғақ) «Екатеринбург-Алматы» (1275-1353 шақырым), «Астана-Ерейментау-Шідерті» (16-205 шақырым) автожолдары учаскесінде жүк және қоғамдық автокөлік үшін қозғалыс жабылды.

Павлодар облысында көрінімнің нашарлауы және көктайғақ салдарынан «Ульяновск-Қарағанды облысының шекарасы» (94-294 шақырымдар) және «Павлодар қаласы-Успен-РФ шекарасына дейін» (0-152 шақырым) автожолдары учаскелерінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.

Сонымен бірге, «Астана-Ерейментау-Шідерті» (205-259 шақырым) жолы учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.

Қарағанды облысында «Алматы-Екатеринбург» (1037-1142 шақырым) автожолы учаскесінде қоғамдық және жүк автокөлігі үшін, «Ботақара-Қалқаман» (0-93 шақырым) автожолында көліктердің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.

Сондай-ақ «Астана-Қарағанды» және «Астана-Павлодар» автожолдары учаскелерінде қоғамдық және жүк автокөлігі үшін қозғалысқа тыйым салынғаны хабарланды.