Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазгидрометке сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының оңтүстігі мен орталығында жаяу бұрқасын күтіледі. Облыстың солтүстігі, шығысы мен орталығында шығыстан, солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді. Ақтөбе қаласында шығыстан, солтүстік-шығыстан жел соғады, түнде екпіні 16 м/с.

Батыс Қазақстан облысында көктайғақ болады. Облыстың оңтүстік-батысында тұман түседі. Күндіз облыстың солтүстігі мен солтүстік-шығысында солтүстік-шығыстан, шығыстан екпіні 15-20 м/с жел соғады. Орал қаласында күндіз жаяу бұрқасын болмақ. Солтүстік-шығыстан және шығыстан соғатын жел екпіні күндіз 15-20 м/с-қа жетеді.

Қарағанды облысының батысы, оңтүстігі мен шығысында солтүстік-шығыстан, шығыстан екпіні 15-20 м/с жел соғады. Жезқазған қаласында солтүстік-шығыстан, шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 18 м/с болады.

Қызылорда облысының көп бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), орталығы мен солтүстігінде көктайғақ болады. Облыстың орталығы мен солтүстігінде солтүстік-шығыстан және шығыстан 15-20 м/с жел соғады. Қызылорда желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін жетеді.

Таңертең және күндіз Түркістан облысының оңтүстігі, таулы және тау бөктеріндегі аудандарында мол жауын-шашын жауады. Таулы және тау бөктеріндегі аудандарда тұман түсіп, күн күркірейді. Облыстың батысы, солтүстігі, таулы және тау бөктеріндегі аудандарында оңтүстік-шығыстан соғатын 15-20 м/с жел солтүстік-батысқа қарай ауысады. Түркістан қаласында оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-батысқа қарай ауысып, екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.

Шымкент қаласында күндіз және түнде мол жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады, арасында күн күркірейді. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-батысқа қарай ауысады, екпіні 15-20 м/с.