«Менің жан-жүрегім Қазақстаннан еш ажыраған емес. Мен республикадағы оқиғалардың қалай өрбіп жатқандығын жіті назарда ұстап отырамын», - деді В.Рачков.
Осы ретте ол Павлодарда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы бокстан Азия чемпионатына оң бағасын беріп, жас қазақстандық боксшыларға өз кеңесін де берді.
«Балалар сенімді түрде жеңіске қол жеткізу үшін ұрыстың оңтайлы түрін табуы тиіс. Соққы жасау керек, сонда жеңіс сенде болады. Кім көп соққы жұмсаса, сол жеңіске жетеді», - деген танымал боксшы жас боксшыларға жеңіс тіледі.
Осы орайда В.Рачков қазақстандық бокс мектебінің сапасы өте жоғары екендігін баса атап өтті. Оның пайымынша, соңғы бірнеше жыл бойы үздік нәтиже көрсетіп келе жатқан Қазақстан боксына Олимпиада ойындарында бүкіл Азияны өрге сүйреуге бірегей мүмкіндік туып отыр.
«Қазақстанда бокспен айналысатындардың легінің көптігі әрі оған зор қызығушылық танытуы, бұл спорт түрінің дамуына қолдау көрсету деңгейінің жоғары болуы себепті қазақстандық бокс азиялық бокстың көшбасшысына айналды. Сондықтан да, Қазақстаннан Олимпиада чемпиондары бірнеше жыл бойы тұрақты түрде шығып келеді. Олар бүкіл азиялық боксты көтеруге қауқарлы», - деді ол.
Бұл ретте даңқты боксшы Азия бокс конфедерациясының президенті Серік Қонақбаевтың елімізде бокс мектебінің қалыптасуына, жоғары деңгейге көтерілуіне зор үлес қосқандығын айрықша атап өтті.
«Бүгінде Серік Керімбекұлының қазақ боксын алдыңғы лекке шығаруға зор мүмкіндігі бар. Оның тиімді басшылығының арқасында бүгінгі қазақстандық бокс мектебі жинақтаған мол тәжірибе мен жастар тарабынан бұл спортқа қызығушылық Қазақстанның бүкіл Азия елдерін ілгерілетуіне жол ашады деп ойлаймын. Бұған қоса, қазақстандық боксшылар көшбасшы болып қана қоймай, бүкіл азиялық боксты соңынан ертуге міндетті де», - деді В.Рачков.
Айта кетейік, Валерий Рачков 1956 жылы 24 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. 12 жасынан бокспен айналысып, «Динамо» спорт қоғамының жергілікті секциясында Станислав Болдыревтің қол астында жаттыққан.
Ол 1973 жылы Бүкілодақтық жастар ойынында алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ал 1976 жылы екінші орта салмақта бокстан КСРО чемпионы атағын жеңіп алды. Сол жылы Монреальда өткен жазғы Олимпиада ойындарына жолы түсіп, екі қарсыласынан басым түскенімен үшінші кездесуінде Монреаль Олимпиадасының чемпионы атанған Йохен БахФельдке есе жіберіп алды.
Ал одан кейінгі екі жыл бойы В.Рачков бірде-бір рет жеңілістің ащы дәмін татпай КСРО біріншілігінде топ жарып жүрді. 1978 жылы Белградта өткен әлем чемпионатының ширек финалында жоғарыда атап өткен Й.Бахфельдпен жұдырық түйістіріп, жеңіске жеткен еді. Ол еңбек сіңірген спорт шебері, сонымен қатар «даңқты боксшы» атағына да ие болған.
Спорттың мансап жолын аяқтағаннан кейін Валерий Рачков 4 жыл бойы Алматыда балалар жаттықтырушысы болып жұмыс істеді. Одан кейін Мәскеуге қоныс аударып, 1984-1987 жылдары аралығында мәскеулік «Динамо» спорт қоғамында жас боксшыларды жаттықтырды. Кейінірек КСРО жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы болған. АИБА-ның халықаралық санаттағы төрешісі мәртебелі атағы бар.