Қазақстанның болашағы интеллектуалды адамдардың қолында - Г.Қарағұсова

АЛМАТЫ. 28 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы Жолдауы бірінші кезекте жас буынға бағытталған.

Бұл жайында бүгін Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаты, Төменгі палатаның Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өтіп жатқан «Зияткерлік - ұлт болашағы» атты жастар форумында айтты.

"Бiздiң буын тәуелсiздiк негiзін қалады. Ал сіздерге тәуелсіздігімізді нығайтып, мықты әрі экономикалық дамыған елдi құруға тура келеді. Сiздер өмір жолдарыңызды жаһандық дәуiрдің өзгерістерімен бастағалы отырсыздар. Бүгiнгi экономикалық дағдарыс жүйелiк сипат алуда және ол мүлде жаңа қадамдарды күтеді. Бүгінгі басты байлық -инновация мен жаңа технологиялар болып табылады және онымен әр ел мақтанады",- деп атап өтті өз сөзінде Г.Қарағұсова.

Білгір экономистің пайымдауынша, Қазақстанның болашағы интеллектуалды адамдардың қолында. "Білім - бұл әрқашан ақталатын инвестиция, сондай-ақ ол адамды өркендетіп, тәуелсіз қылады", -дейді ол. Депутат жастарды алдарына үлкен мақсаттар қоя білуге, еңбексүйгіштікке әрі өздігінен білімдерін жетілдіруге шақырды.