Қазақстанның болашағы жарқын екеніне сенімдімін - Қазақстандағы АҚШ Елшісі Джон Ордвей

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың 16 жылдығы қарсаңында ҚазАқпаратқа эксклюзивті сұхбат берген Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джон Ордвей біздің елімізге әрі елордамызға өзінің қарым-қатынасы, екі елдің арасындағы ынтымақтастық, сүйікті қазақ жазушылары, сонымен бірге Қазақстанның көзтартарлық жерлері жайында ой бөлісті.

- Елші мырза, Сіз біздің еліміздегі АҚШ Елшілігін алғаш рет басқарып отырған жоқсыз. 2008 жылы Сіз елімізден кеткеннен кейінгі Қазақстанда орын алған өзгерістерге қандай баға бересіз? Қандай салаларда айтарлықтай өрлеу бар?

- Қазіргі сәтке дейін Елші ретінде 2004-2008 жылдары және 2011 жылы Қазақстандағы АҚШ істерінің уақытша сенімді өкілі ретінде осы жердегі біздің дипломатиялық миссияға басшылық жасағаным бар. Ал үшінші мәрте оралуым мен үшін Қазақстанның қаншалықты маңызды екендігін және осы жерде жұмыс істеу ұнайтындығын айқын көрсетеді. Бұған қоса, мұның басты себептерінің бірі сіздердің елдеріңізде орны алып жатқан қарқынды өзгерістер екендігіне дау жоқ. Инфрақұрылым не болмаса азаматтық қоғамның еселеніп келе жатқан әлеуеті, білім беру немесе өңірлік ынтымақтастық жайында сөз қозғасақ та Қазақстанның кез келген салада ілгерілеушілікті паш етіп отырғандығын анық байқауға болады.

Біздің Қазақстанмен білім саласындағы ынтымақтастығымыз да кеңейе түсуде. Ағымдағы жылы АҚШ-та 5 мыңнан астам қазақстандық жас білім алуда және біз олардың қатары көбейе түскендігін қалаймыз. Олар: университет студенттері, жоғары сынып оқушылары және қысқа мерзімді оқу бағдарламаларының қатысушылары.

Мен жақсылық ретінде бағалайтын тамаша өзгерістердің бірі - бұл Үкіметтің Орталық коммуникациялар қызметі арқылы қоғаммен өзара іс-қимылды жолға қоюы. Бұл тұғырнама «Үкімет-азамат» сұхбаттастығының кеңеюіне септігін тигізеді, билік жұмысының ашықтығын көрсетеді және мемлекеттік органдардың жұмысына қоғамдық түсінік деңгейін арттыра түседі. Жоғары шенді шенеуніктердің тікелей эфирде сауалдарға жауап беруі қазіргі таңда күнделікті тәжірибенің біріне айналып отыр және Қазақстан Үкіметінің зор ашықтықты қамтамасыз етуде қабылдауы тиісті тамаша үлгінің бірі болып саналады.

Қазақстан дамытуды жалғастырып отырған жасыл экономика, жоғары технологиялық индустрия сынды басқа да салалар бар. Әлі де атқарар істің ауқымы мол. Дегенмен, меніңше, Қазақстан қазірдің өзінде біраз табысқа қол жеткізді әрі ілгерілеушілік жолында алға жылжуын жалғастырып келеді.

- Сіз коммерциялық дипломатияның дамуына қосқан үлесіңіз үшін Америка сауда палатасының наградасын бірнеше мәрте иелендіңіз. Америка мен Қазақстан бизнесі арасындағы байланыс қалай дамуда?

- «Шеврон» Қазақстанның бірінші негізгі халықаралық инвесторы болған сәттен бастап, оның соңын іле-шала басқа да көптеген американдық бизнес құрылымдар елдеріңізге ағыла бастады. Сіз қазақстандық экономиканың көптеген секторларында американдық коммерциялық ұйымдардың қатысып отырғандығын көре аласыз. «Дженерал Электрик» локомотив зауыты зор әсер қалдырады. «Ситибанк» пен «Honeywell»-де бұл жерде мол инвестиция құюымен танымал. Жоғары технология саласында сөз қозғағанда, «Thales Raytheon System» компаниясының Қазақстанның әуе қорғанысына арналған күрделі радарлар өндірісін жолға қою жөніндегі жоспарын тамаша үлгі ретінде атауға болады. Американдық компаниялардың Қазақстанға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Бұл әсіресе, елдеріңіздің заңдық базаны жетілдіру шараларын қабылдағаннан кейін тіпті қарқын ала түсті.

Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өздерін Қазақстан экономикасының белсенді инвесторлары ретінде көрсете білген бірқатар елдердің азаматтарымен қатар американдық азаматтардың да Қазақстанға екі аптаға дейін визасыз келе алатындығын жария етуін зор қуанышпен тыңдадым. Саяхат жайында сөз қозғағаннан кейін ендігі уақытта қазақстандықтардың АҚШ-қа бесжылдық виза ала алатындығын және бір сапары барысында АҚШ-та жарты жылға дейін қалуға мүмкіншіліктері бар екендігін атап өткім келеді.

Қазақстан - азаматтары бесжылдық виза ала алатын Орталық Азиядағы жалғыз ел. Бұдан бөлек, егер сізде бұған дейін американдық виза болған болса, онда сіз сұхбаттасусыз-ақ визаға ие боласыз.

- Қазақстан, Ресей және Беларусьтың Еуразиялық экономикалық одақ құруын қалай бағалайсыз? Осыған орай АҚШ қазақстандық бағыттағы саясатына қандай түзетулер енгізетін болады?

- ЕАЭО-ға қосылу - бұл Қазақстанның шешімі. Біз сіздердің елдеріңіздің көршілерімен тиімді сауда-саттық байланыстарының болғанын қалаймыз. Әрине, біз Еуразиялық экономикалық одақ дамыған сайын АҚШ-ты қоса алғанда басқа да елдерден келген тауарлардың қолжетімділігі қазіргі деңгейде қала беретіндігіне үміт артамыз. Бірақ, мұнан да маңыздысы Құрама Штаттар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру ұмтылысына қолдау білдіреді. Біз Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі сіздердің елдеріңізді мұнан да зор жетістіктерге жетелейтіндігіне сенімдіміз. Нарықты іштен және сырттан да ашық сақтай отырып, Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанның экономикалық гүлденуіне өз үлесін қосатын болады.

- Сіз полиглотсыз, ағылшын, орыс, чех, итальян, француз, неміс тілдерін жетік білсеңіз, армян және қазақ тілдерінде тіл сындырып үлгергенсіз. Қазақ тілін қалай үйрендіңіз? Жалпы, тіл үйренудегі құпияңыз неде?

- Қазақ тілін біршама үйреніп қалдым әрі оны одан ары жалғастыруыма тағы бір мүмкіндік туғаны үшін өзімді бақытты сезінемін. Кейбір адамдар шетел тілдерін үйренуге бейім болып келеді. Бірақ, меніңше, адам тіл үйренуді ертерек бастаса, оған сол тілде сөйлеп кету айтарлықтай жеңіл болады. Шет ел туралы естеліктерімнің бірі бала кезімде Сан-Францискодағы Чайнатаунға баруым болғаны есімде. Сол кезде мен ағылшын тілінде сөйлемейтін бүтін бір ауданды көргеніме таң қалғаным бар. Бұған қоса, мен өскен қаланың тең жартысы испан тілінде сөйлейтін. Мәдени және тілдік айырмашылық - бұл танымал американдық алуантүрлілік аспектілерінің бірі.

- Қазақ классиктерінен кімдердің шығармаларын оқисыз?

- Қазақстанда классик жазушылар өте көп. Қазақстанның ұлттық қазынасына айналған Абайдан бөлек маған Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» поэмасы ұнайды. Қазақстандағы төңкеріс пен азаматтық соғыс тарихын шынайы бейнелеген Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романын да ерекше атап өткім келеді. Осы жазда көшпелі халықтың өмірі, Қазақ хандығының құрылуы және ұлт азаттық қозғалыс жайындағы Ілияс Есенберлиннің «Көшпелілер» триологиясын оқи бастауды мақсат тұтып отырмын.

- Сіз еліміздің көптеген өңірлерінде болдыңыз. Қай өңір көңіліңізден шықты (инфрақұрылымы, табиғаты мен адамдары)?

- Мен Алматы мен Астанада тұрдым, Қазақстанда көп саяхаттадым. Маған осы сапарларым барысында әрбір өңірден көргендерім көңілімнен шықты. Менің жандүниеме тау жақын. Олар маған жылдың кез келген мерзімінде ұнайды. Ал, көрікті орындарға келер болсақ, Маңғыстаудағы қорымдар мені ерекше таң қалдырды.

- Елорда күніне орай Астана тұрғындары мен Қазақстан халқына қандай тілегіңіз бар?

- Елорда күніне орай мен барлық астаналықтар мен қазақстандықтарға зор денсаулық, мол бақыт тілеймін. Астана прогресі барша Қазақстанның прогресін паш етеді. Оның жетістіктері кез келген адамның кеудесіне мақтаныш сезімін туындатады. Астана күні - бұл сіздердің барша елдеріңіз үшін мереке. Бұл қол жеткізген жетістіктерді саралап, алдағы күндерде нені жақсарту қажеттігін ой елегінен өткізетін күн. Мен Қазақстанның болашағы жарқын екендігіне сенімдімін.

- Сұхбатыңызға рахмет!