Қазақстанның болашағы жас ұрпақтың қолында -А. Есімов
13:05, 01 Маусым 2009
АЛМАТЫ. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Біздің мемлекетіміздің саясатында балаларға қамқорлық басты орында.
Алматы әкімі Ахметжан Есімов бүгін Республика сарайы алдында «Біз-Қазақстанның баласымыз! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз» ұранымен өткен халықаралық балаларды қорғау күніне арналған акцияда осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Шара барысында балалар шығармашылығына арналған «Мейірім жұлдыздар жарқырайды» атты фестиваль ашылып, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, отбасылық эстафеталар, балалар бақшалары мен спорт мектептерінің тәрбиеленушілері қатысқан спартакиада, балалар арасындағы сурет конкурсы өткізілді. Сондай-ақ бүгін қаладағы кинотеатрларда балаларға арналған көркем және мультипликациялық фильмдер тегін көрсетілмек.
Қала әкімі өз сөзінде Қазақстанның даму болашағы жас ұрпақтың қолында екендігіне сенім білдірді. «Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекеттік биліктің барлық органдары балғындардың бейбіт балалық шағы болуы үшін барлық жағдайды жасайды», - деді А.Есімов.Ол сондай-ақ Алматыда бүгінде 300 мың бала бар екендігін атап өтті.Бүгінгі мереке кешқұрым болатын «Мейірім жұлдыздар жарқырайды» атты фестивальдің гала-концертімен қорытындыланады.