Қазақстанның бүгiнгiдей жаңа тұрпатты мемлекет ретiнде қалыптасуында Елбасының тарихи рөлi өлшеусiз - Г. Әбдiхалықова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бүгiнгiдей жаңа тұрпатты мемлекет ретiнде қалыптасуында Елбасының тарихи рөлi өлшеусiз. Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтiлген кеңесiнде ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiхалықова осылай мәлім етті.

Оның айтуынша, алда келе жатқан 1 желтоқсан - Қазақстанның Тұңғыш Президентi күнi мерекесi Қазақстан халқы үшiн, оның iшiнде елдегi бiрлiктi бекемдеуге еңбек сiңiрiп жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерi үшiн мәнi мен маңызы ерекше.

"Өйткенi Қазақстанның бүгiнгiдей жаңа тұрпатты мемлекет ретiнде қалыптасуында, iшкi тұрақтылық пен халықтың бiрлiгiн нығайтуда Тұңғыш Президентiмiз - Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың тарихи рөлi өлшеусiз екенi сөзсiз. Елбасы ешбiр мемлекетте болмаған бiрегей қоғамдық институт - Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, этносаралық қатынастарды жетiлдiруде жемiстi iстерге жол ашты. Президенттiң жақында халыққа арнаған "Нұрлы жол - болашаққа бастар жол" атты Жолдауының рухани тереңдiгi және әлеуметтiк жүгi де аса ауқымды. Бұл бағытта Мемлекет басшысы 2015 жылы бүкiл халық болып атап өтiлетiн ауқымды iс-шараларды айқындап бердi. Келесi жылға белгiленген Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығын жоғары деңгейде ұйымдастырып, елдiң тұтастығын одан әрi бекiте түсу - баршамыздың мiндетiмiз", - дейдi Г. Әбдiхалықова.

"Сонымен қатар 2015 жыл - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп белгiлендi. Яғни алдағы жылы ұйымдастырылатын жалпыхалықтық iс-шаралар денi елдiң тұрақтылығы мен бiрлiгiне, халықтың татулығы мен тыныштығына бағытталмақ. Сондықтан бүгiнгi кеңесте осы айтулы жылды өткiзуге дайындық барысы талқыланып, алда атқарылар жұмыстар нақтыланады", - деп түйдi ойын Мемлекеттiк хатшы.

Кеңес отырысына Парламент депутаттары, мемлекеттiк органдардың өкiлдерi, республикалық этнобiрлестiктер, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңестiң мүшелерi қатысты.

Отырыс барысында ҚХА интернет сайтының жаңа дизайны бекiтiлдi және Қазақстан халқы Ассамблеясы өткiзген әлеуметтiк жобалардың жәрмеңке-көрмесi ұйымдастырылды.