Спикердің айтуынша, көрме 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алып, Қазақстанның барлық облысында жалғасады.
- Баршамызға белгілі, біздің еліміз әлемдегі ең үлкен 10 елдің қатарында. Жеріміз қандай кең, байтақ болса, халқымыз бен табиғатымыз да сан алуан, бай колоритті. Жобаны ұйымдастырудағы мақсатым - әр өңірдің көрікті, тарихи жерлерін, еңбек адамдарын фотосуреттер арқылы басқа аймақтарға таныстыру. Сонымен бірге, халықтың өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру. Көрмеге келген тұрғындар еліміздің әр аумағымен таныспақ. Қазіргі таңда жобаның дайындық жұмыстары басталып кетті, - деді Жан Ақжанов.
Спикердің айтуынша, әр өңірден жиналған фотосуреттерді қоса есептегенде, 300-дей фото жиналмақ.
Әрі қарай суреттер іріктеуден өтіп, көрмеде 70-тен астам фотосурет қойылады. Сондай-ақ, көрмеге мемлекеттік қызметшілердің имиджін арттыру мақсатында түсірілген фотолар да болады.
Сонымен қатар, көрермендер әр фотосуреттің жанындағы QR кодқа ұялы телефон камерасын апару арқылы, суреттегі бейне жөнінде толықтай ақпарат ала алады.
Көрмеге фотосуреттерді жинау 4 шілде күні Атырау қаласында басталып, Шымкент, Тараз, Қызылорада облысында болған.
Онда киелі ескерткіштерден бастап, ғарыш айлағы, әртүрлі сала мамандары мен көрікті жерлерді түсірген.
Біздің өңірімізде де Бекет ата жер асты мешітінен бастап, облыстық кітапхана мен музейде, мұнай кеніштері жанында фотосессия өтпек.
Брифинг барысында Маңғыстау облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлеген Меңдалиев өзі қызмет атқаратын аумақтық департаментте облыс, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жобаның өңірлік деңгейдегі іс-шараларына атсалысып жатқанын жеткізді.