Қазақстанның да империялық тарихы бар - тарихшы Ж. Артықбаев

АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Біздің де империялық тарихымыз бар. Ол туралы ашық айту қажет. Астанада «Аманат» пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен өткен «Ұлттық тарихты зерделеу» тақырыбындағы мәжілісте Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаев осылай айтты.

Ғалым атап көрсеткендей, қазіргі кезде татар халқының тарихшы-этнографтары ұлттық тарихқа ерекше ден қойып келеді. «Олар Ресейдің қол астында отырса да, Алтын Орда және Бұлғар тарихын барынша пайдаланып, екеуін де бауырына басып алған. Біз де Алтын Орданың шапанынан шыққан елдердің біріміз ғой. Мәселен, Алтын Орданың соңғы әрі ірі хандарының бірі - Ормамбет ханның (Орыс хан - авт.) ставкасы мынау тұрған Есілдің бойында, Атбасардың арғы жағында болды. Алтын Орданың үлкен бір орталығы - Ұлытаудағы Жошы ордасы. Екібастұзға жақын жерде Шайбан сұлтандарының орталығы бар. Міне, бұның өзі - ғажайып тарих. Бүгінде біздің де өзіміздің империялық тарихымыздың барын ашық айту қажет. Олай болмаса, бодандық дәуірінен шыға алмаймыз», - дейді Ж. Артықбаев.