Қазақстанның дағдарысқа қарсы саясаты жемісті болды - ХВҚ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның дағдарысқа қарсы саясаты жемісті болды. Мұндай пікірді бүгін қазақстандық БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізген Халықаралық валюта қоры Қазақстандағы миссиясының басшысы Марк Хортон білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз 2016 жылдың  қорытындысында өсім қарқыны шамамен 1 пайыз болды деп бағалаймыз. Ол бірінші жартыжылдықта теріс мәнге ие болды. Содан кейін жылдың екінші жартысында біртіндеп қалпына келді. Ресми органдардың қарымта шаралары барынша табысты болды деп санаймыз және Қазақстан экономиканы тұрақтандыра алды. 2014 жылы туындаған экономикалық қиындықтардан кейінгі қайта қалпына келу басталды», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, экономиканы тұрақтандырудағы нақты шаралар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған реформалардың арқасында жүзеге асырылды. Бұл ретте миссия жетекшісі «Нұрлы жол»  бағдарламасы мен Ұлттық банк жүргізген ақша-несие және теңге бағамы саясаты  экономикаға оң серпін бергенін баса айтты.

«Осыдан бір жыл бұрын Алматыда болғанымда жағдай мүлдем басқаша еді. Бұл - девальвация. Пайыздық ставкада жоғары өзгерістер болды. Ал бір жылдан кейін жағдайдың айтарлықтай тұрақталғанын көріп отырмыз. Сондықтан да Ұлттық банктің іс-әрекеті ішкі ақша нарығын тұрақтандыруға көмек берді. Бір жағынан бұл мұнай бағасының нығаюына, екінші жағынан Ұлттық банк тарабының ақша-несие саласын тиімді басқаруына байланысты. Инфляция қарқыны 18 пайыздан жыл ортасына қарай 8,5 пайызға кемігендігін көрдік. Бұл қарқын алдағы уақытта да төмендейтіндігін күтеміз», - дед Марк Хортон.