«Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамы өңдеуші саладағы бірқатар заемшыларының несиелерінің шарттарын жеңілдетті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін банк 15-ке тарта заемшінің өкілдерімен құны 20 миллиард теңге болатын шарт жасасты. Бұл келісім бойынша, олардың ағымдағы несиелеріне қосылған 14 пайыздық үстеме ақысы 8 пайызға дейін төмендетіледі. Несиелерінің пайыздық үстемесін жеңілдету мүмкіндігіне Қазақстанның өңдеуші саласындағы кәсіпорындар қол жеткізе алады.
Бұл қадам «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Стресстік активтер қоры» АҚ және Қазақстанның даму банкі арасындағы келісімнің негізінде жасалуда. Бұл келісім бойынша, Стресстік активтер қоры есебінен банкке жоғарыда айтылған 20 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржының есебінен Қазақстанның даму банкі елдің өңдеуші өнеркәсібін қолдауға бағытталған жеңілдетілген несиелер беруге тиіс. Банк басқа да қаржы көздерінің есебінен жаңа жобаларды қаржыландыруға 30 млрд. теңге тартуға мүдделілік танытып отыр.
«Біз ең алдымен экономиканы әртараптандыруға бағытталған өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға көңіл аудардық. Несиелердің пайыздарын төмендетуге лайықты компанияларды іріктеуде біз сонымен қатар олардың қазіргі кездегі әлеуетін сараптадық. Дағдарыстан аса үлкен ауыртпалық тартып отырған кәсіпкерлік субъектілеріне маңыз бердік. Әрине, қаржыны Қазақстанның әр аймақтарына теңдей бөлуге тырыстық. Географиялық әртараптандыру мәселесі қатаң сақталды», дейді «Қазақстанның даму банкі» АҚ-ның басқарма мүшесі, басқарушы директоры Арман Қасенов.
Заемшылардың бірі Семей былғары және тері комбинатының бас директоры Жұмағазы Рахымғалиев, банкінің бұндай көмегіне жоғары баға бере отырып, барлық өңдеуші өнеркәсіптің дамуына серпін береді деп отыр.