Қазақстанның даму банкі халықаралық қаржы институты тарапынан марапатталды

None
АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Азия-Тынық мұхит өңірін дамытудың Қаржылық институт қауымдастығы (ADFIAP) Қазақстанның даму банкін екі мәртебелі наградамен марапаттады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Мускат қаласында (Оман) өткен жыл сайынғы дәстүрлі кездесулер барысында ADFIAP Директорлар кеңесінің наградалар жөніндегі комиссиясының шешімімен Қазақстан даму банкінің екі наградасына ие болды. Атап айтқанда, банктің «Vtorma Ecology Co.» ЖШС аясындағы қоқыс өңдеу кешенінің құрылыс жобасы «Инфрақұрылымдық даму» санатындағы ең жақсы жоба ретінде марапатталып отыр. Аталған кешеннің құрылысы өндіріс қалдықтарын іріктеп, қайта өңдеу бойынша қазақстандық өңдеу өнеркәсібі саласын дамытуға бағытталады. Бұндай қадам еліміздің экологиялық проблемаларын шешумен қатар, шикізатты екінші қайтара пайдалану тұрғысынан энергия үнемдеу технологиясын дамытуға серпін береді», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Сонымен бірге ADFIAP Директорлар кеңесінің наградалар жөніндегі комиссиясының шешімімен Қазақстанның даму банкі тарапынан ұсынылған 2007 жылдың Жылдық есебі Қауымдастық мүшелері арасындағы ең үздік Жылдық есеп ретінде танылған. Банктің жылдық есебі бұндай наградаға ақпараттық қамтымдылығы, толық қаржылық есептілігі, корпоративтік басқару тәжірибесін сақтағандығы және берілетін ақпараттың сапалылығы мен төлтума үлгіжобасы үшін берілген.