«Қазақстанның даму банкі» коммерциялық банктерге банкаралық несиелеу бойынша жаңа қаржы құралын ұсынатын болады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Кәсіпкерлер кеңесінің отырысынан кейін Индустрия және сауда министрлігінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мен «Қазақстанның даму банкі» өкілдері қатысқан жиын болып өтті. Онда отандық бизнесті қолдау жөніндегі шараларды күшейту және өңдеуші саланы орта және ұзақ мерзімді несиелеу мөлшерін арттыруға қатысты мәселелер талқыланды», делінген ҚДБ таратқан баспасөз баянында. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні елімізде ҚДБ инвестициясының қатысуымен 2 млрд. доллар шамасын құрайтын 62 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, ҚДБ капитал нарығында ақшалай ресурстар құнының өзгеруіне және жалпы экономикалық белсенділіктің төмендеуіне қарамастан қаржылық дағдарыс басталғалы бері бизнеске қатысты қолдау саясатын өзгерткен жоқ. Атап айтқанда, Банк ертеректе берілген заемдар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін өзгеріссіз қалдырды, мерзімінен бұрын өтелген жағдайда несиеден комиссия алынбайды.
«Банк бұдан кейінгі кезеңдерде де кәсіпорындарды сауықтыру шарасына қатысуды жалғастыруға ниетті. Сонымен бірге инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімге несиелеу туралы Елбасының жүктеген міндеттерін орындау мақсатында ҚДБ ағымдағы жылы наурыз айының соңына дейін коммерциялық банктерге банкаралық несиелеу түрі бойынша жаңа қаржы құралын ұсынатын болады. Өңірлік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 5 млн.-нан 50 млн. долларға дейін инвестициялар қарастырылады. Бұл шара ҚДБ инвестициясының ауқымын кеңейте түседі деп болжанып отыр. Жалпы, Үкіметтің «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ арқылы қолдау жасауының нәтижесінде ҚДБ ел экономикасына 4 млрд. доллар шамасында сыртқы заемдар тарту мүмкіндігін көздеп отыр. Осылайша, «Қазақстанның даму банкі» АҚ экономиканың өңдеуші секторындағы инвестициялық жобаларды қолдауды жалғастыратын болады», делінген баспасөз хабарламасында.