Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Сауд Арабиясына барудан тартына тұруды ұсынады

АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жаңа коронавирустың әсерінен болған таяушығыс респираторлық синдром (MERS-CoV) ауруының республика аумағында тіркелмегендігін хабарлайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми мәлімдемесіне сәйкес, бүгінгі күні әлемде аурудың 130 лабораторлық дәлелденген фактісі тіркеліп, олардың 58-ы өліммен аяқталған, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.

Бұл жағдайлар келесі Таяу Шығыс елдерінде тіркелді: Иорданияда, Катарда, Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) және Сауд Арабиясының Корольдігінде (САК). Жекелеген дәлелденген жағдайлар Италияда, Ұлыбританияда, Солтүстік Ирландияда, Тунисте және Францияда анықталды.

Денсаулық сақтау министрлігі үстіміздегі жылғы қазан айында біраз адамдардың қажылыққа баратынын ескере отырып, мүмкіндігінше Сауд Арабиясына сапарды тоқтата тұруды ұсынады.

Таяу Шығыс елдеріне баратын адамдарға алдын алудың бірінші кезекті шараларын ұстану қажет, атап айтқанда ауру адамдардан қашқақтау, көпшілік жиналған жерде бір рет пайдаланылатын бетперде пайдалану, қолды жиі жуу, лас қолды көзге, мұрын мен ауызға тигізбеу, тек бутилдегі суды пайдалану.

Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Таяу Шығыс елдерінен оралған адамдарға респираторлық ауру белгілері байқалған жағдайда кешіктірмей дәрігерге қаралуды ұсынады.