Қазақстанның денсаулық сақтау саласын реформалау жобасы екі жылға ұзартылды

АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау секторындағы технологияларды беру және институционалдық реформа жүргізу жөніндегі жобасы» тағы екі жылға ұзартылды.

Бұл туралы бүгін Астанадағы жиында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Стратегиялық даму департаментінің директоры Болат Төкежанов мәлім етті.

Оның айтуынша, Даму және қайта құру халықаралық банкінің қатысуымен қолға алынған жобаның жалпы құны 296,1 млн. долларды құрап отыр. Оның ішінде 117,7 млн. доллар банктен займ ретінде алынса, 178,4 млн. АҚШ доллары республикалық бюджеттен бөлінді.  

«Жобаның негізгі мақсаты - отандық медицина саласын халықаралық стандарттарға сай жаңарту. Ол құжат ретінде 2008 жылы ақпан айында рәсімделген болатын. Осы жылы ол арнайы заңмен ратификацияланды. Бас кезінде біз бесжылдық жобаны 2008 жылдың орта шенінде бастап, 2013 жылы аяқтаймыз деп жоспарладық. Алайда, ол 2009 жылы қолға алынып, тек 2010 жылда ғана нақты іске асырыла бастады. 2011 жылы жоба бюджетінің 50 пайызы жұмсалды. Осыны ескере отырып, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау секторындағы технологияларды беру және институционалдық реформа жүргізу жөніндегі жобасын» 2015 жылдың аяғына дейін ұзарту туралы шешім қабылданды», - дейді Б.Төкежанов.