«Жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында негізгі екпін жеке инвестицияларды тартуға қойылады. Мемлекет және Үкімет инфрақұрылымды дамытуға, құрылысқа, жабдықтауға инвестициялар көлемін қысқартады және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке басымдық беріледі», - деді вице-министр.
Осы орайда ол елімізде жеке секторға тиісті жағдай жасалатынын атап өтті.
«Яғни, жеке сектор жүйеге кіріп, халық үшін медициналық қызметтерді көрсетеді, сондай-ақ бұл шаралар міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен төленеді. Сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі де болады»,-деді Е. Біртанов.
Министрлік мәліметіне қарағанда, денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілетін болады (әрі қарай - МӘМС). Мемлекет азаматтардың 15 санаты үшін (оның ішінде 12-сі халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары) жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер - жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.
Бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Аталған құжатқа сәйкес, биылғы жылы нормативтік-құқықтық база жасалып, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылатын болады (әрі қарай - ӘМСҚ). Бұл 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап белгіленген соманы жинақтау және 2017 жылғы 1 шілдеден бастап ӘМСҚ арқылы медициналық қызметтер төлемдерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.