Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы туралы хаттама Сенат отырысында талқыланады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда комитет депутаттары «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады.

Айта кетейік, биылғы жылдың маусым айында Қазақстанның көп жылдар бойы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы жүргізген келіссөздері аяқталған болатын. Ал 27 шілдеде ДСҰ-ға кіру туралы хаттамаға Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Женева қаласында қол қойды. Осыған орай, еліміздің ДСҰ-ға енуі үшін ішкі мемлекеттік рәсімдер жүзеге асуы керек, соның ішінде Парламент аталған хаттаманы ратификациялауы тиіс.

Тоқтала кететін жайт, Қазақстанның ДСҰ-ға кіру бойынша келіссөздері негізгі төрт бағытта жүзеге асқан. Соның ішінде бірінші бағыт - көпжақты ауыл шаруашылық саласына мемлекет тарапынан берілетін субсидияның көлемі туралы келіссөздер. Бұл ДСҰ-ның 55 мүше-мемлекеттерімен арада жүргізілген. Екінші бағыт - көпжақты Қазақстанның сауда-экономикалық саясатының ДСҰ шарттарына сәйкестігін анықтайтын келіссөздер. Үшінші бағыт - Қазақстанның қызмет нарығында шетел компанияларының жұмыс жасау шарттары туралы келіссөздер. Бұл ДСҰ шеңберіндегі 15 мемлекетпен жүргізілген. Төртінші бағыт - Қазақстанның тауарлар нарығына импортталатын кедендік баждардың ең жоғары мөлшері туралы келіссөз, бұл ДСҰ-ның мүшесі болып табылатын 30 мемлекетпен жүргізілген.

Тұтастай алғанда ДСҰ мүшелігі елімізге көпжақты сауда келіссөздеріне қатыса отырып, сауда-экономикалық стратегияларын жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашатын болады. Бұдан бөлек, Қазақстан үшін ДСҰ-ның басқа мүше-мемлекеттеріне сол елдердің ішкі транспорттық тарифтері бойынша тауарлар экспорттауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Қазақстанның ДСҰ-ға енуі бірлескен шетелдік кәсіпорындар құруға, зияткерлік меншік объектілерімен алмасуға, экономиканың түрлі салаларына жаңа технологиялар мен инвестициялар тартуға септігін тигізеді. Айта кетерлігі, осы хаттама күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасы ДСҰ-ға мүше болады.

Комитет мүшелері заң жобасын палатаның алдағы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.