Қазақстанның экспорттық өнімдеріне сыртқы сұраныстың артуы еліміздің өнеркәсіп саласының даму деңгейінің 2011 жылы 3,6 пайызға өсуіне ықпал етеді

АСТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстанның экспорттық өнімдеріне сыртқы сұраныстың артуы еліміздің өнеркәсіп саласының даму деңгейінің 2011 жылы 3,6 пайызға, 2012-2013 жылдары 3,9 пайызға өсуіне ықпал етеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысы барысында 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын таныстырған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова айтты.

«Индустриялдық-инновациялық бағдарламаның шеңберінде индустриялдық жобалардың іске асырылуы және Қазақстанның экспорттық өнімдеріне сыртқы сұраныстың артуы еліміздің өнеркәсіп саласының даму деңгейінің 2011 жылы 3,6 пайызға, 2012-2013 жылдары 3,9 пайызға өсуіне ықпал етеді», деді министр.

Ж. Айтжанованың айтуына қарағанда, сонымен қатар өнеркәсіпті өңдеу саласының өсуі қарқыны 2011 жылы 3,4 пайыздан, 2015 жылға қарай 7 пайыздың шамасына артуы азық-түлік өнімдерінің, химиялық өнеркәсіп өнімдерінің, металлургия өнімдерінің өндірілуінің көбеюі есебінен қамтамасыз етіледі.

«Бұл салаларда өндірілген тауарлардың өсуіне Кедендік одақтың шеңберінде ішкі нарықтың кеңеюі де ықпал етеді», деді Ж. Айтжанова.