13:56, 08 Маусым 2009
Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы Литвамен екіжақты тығыз қарым-қатынас аясында өтпек ? М.Тәжин
АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Литва елі Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын қолдап, біздің осы ұйымға басшылық қызметін екіжақты тығыз қарым-қатынаста өткізуді ұсынып отыр.
Бұл туралы бүгін Литваның Сыртқы істер министрі Вигаудас Ушацкаспен кездескен еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы Марат Тәжин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше елдер «квинтет» форматында, яғни төрағалықты атқарған екі ел, атқаруға әзірленіп жатқан екі ел және ұйымды басқарушы мемлекет бірлесіп жұмыс істеген болса, 2011 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін Литва Республикасы бүгінде Қазақстанмен «екілік» форматында өзара іс-қимыл жасауға ниет білдіріп отыр. «Бүгінде баршаға белгілі болып отырғандай, Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етпек. Бізден кейін осы ұйымды басқаратын Литва Республикасы бүгіннен бастап бізбен тығыз қарым-қатынас орнатып, ЕҚЫҰ аясындағы барлық мәселелерді бірлесіп шешуге ұсыныс жасап отыр. Бүгінгі келіссөздер барысында біз осыны талқылап, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға басшылық қызметін Литвамен екіжақты тығыз қарым-қатынаста өткізуді ұйғардық»,- деді М.Тәжин.