«Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы тұрғысындағы еуропалық саясаты» - Тегеран қаласында өткен дөңгелек үстел тақырыбы

АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Тегеранда «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы тұрғысындағы еуропалық саясаты» атты дөңгелек үстел болып өтті, деп хабарлайды Ирандағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі.

Оған Иран мен Қазақстанның парламент депутаттары, үкіметтік орталардың, алдыңғы қатарлы ирандық ғылыми-зерттеу орталықтардың, дипломатиялық корпустың өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.

Іс-шара Иран мен Қазақстан Достық Қауымдастығы, Иран Ислам Республикасының Стратегиялық зерттеу және жаңа перспективалар институты мен Экономикалық ынтымақтастықты ұйымдастыру мәдениеті институтының ұйытқы болуымен өтті.

Дөңгелек үстелдің ашылуы кезінде сөз алған Иран Ислам Республикасындағы Қазақстан Республикасы істерінде уақытша сенімді өкіл Мұрат Смайыловтың айтып өткеніндей, ЕҚЫҰ қызметі туралы айтқанда, еуропалық қана емес, еуразияық қауіпсіздік туралы айтқан нақтырақ болар еді. Бүгінгі таңда азиялық қауіпсіздік өлшемін ескермей, мықты еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Осы ретте ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезінде Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы қарым-қатынастың жаңа сатысын бастау үшін және өзара сенімді нығайтуы үшін жан-жақты талпыныс жасады.

Өз кезегінде Иран мен Қазақстан Достық қауымдастығының президенті Миркасым Момени Қазақстан Еуропа, Азия және Солтүстік Азияның саяси кеңістіктері мен ауқымды географиясын қамтитын әлемдік аса беделді халықаралық ұйымға төрағалық етіп отырған алғашқы мұсылман мемлекеті болып табылатындығына тоқталды.

Қазақстан делегациясының жетекшісі Камал Бұрханов пен Қазақстан халқы Ассамблеясының басқа да өкілдері дінаралық және ұлтаралық келісімнің қазақстандық үлгісі туралы баяндады.