Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен апталық брифинг барысында аталмыш ведомствоның ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атап айтқанда, осы қаңтардың 13-і күні Хофбург сарайындағы қазақстандық кеш ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабының австриялық нұсқасының тұсаукесерімен ашылады. Бұндай рәсімнің барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөйлейді деп күтілуде. Салтанатты бағдарламаны қазақстандық өнер шеберлерінің гала-концерті жалғастыратын болады. Кеш бағдарламасын төрағалық атынан өткізілетін ресми қабылдаулар тамамдайды», деді А. Әбдірахманов.