Қазақстанның Ел бірлігі доктринасында біртұтас ұлт болу мәселесі анық қамтылып отыр - А. Сарым

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның Ел бірлігі доктринасында біртұтас ұлт болу мәселесі анық қамтылып отыр. Бұл туралы елордада Қазақстанның Ел бірлігі доктринасының қорытынды нұсқасының тұсаукесеріне арналған баспасөз мәслихатында комиссия мүшесі, А. Сәрсенбаев атындағы қоғамдық қордың басшысы Айдос Сарым мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұған дейінгі Қазақстанның ұлттық саясаты қоғамда өмір сүріп отырған барлық ұлттар мен ұлыстардың арасында тату-тәттілікті, ең құрығанда қақтығыстарға жол бермеу мәселесін қарастырған әңгімеге негізделген еді. Ал бүгінгі Қазақстанның ел бірлігі доктринасында біз ондай кезеңнен өткендігімізді алдыға тартып, енді жаңа сатыға қадам жасау мәселесін көтеріп отырмыз. Яғни, біз шын мәнінде осы кезеңге дейін ешқандай қақтығыс болмасын, ешқандай жік болмасын деп келсек, ендігі күні шын мәнінде тұтастай ұлт болайық деген мәселеге назар аударылды», деді А. Сарым.

Оның айтуынша құжатта мемлекеттік тіл мәселесі де кеңінен қамтылып, бұл - әрбір қазақстандықтың борышы мен міндеті деп атап көрсетілген.

«Шын мәнінде, Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы - «Қазақстан-2030» стратегиясынан кейінгі қабылданып отырған, ауыз толтырып айтуға болатын аса маңызды құжат. Құжат үлкен саяси философиялық, публицистикалық тілмен жазылған. Менің түсінігімде дәл осы нұсқадағы құжат көптен бері болған жоқ», деді А. Сарым.