Қазақстанның электр энергетикалық саласын дамыту туралы бағдарлама жобасы күзде дайын болады

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанның электр энергетикалық саласын дамыту туралы бағдарлама жобасы ағымдағы жылы күзде дайын болуы тиiс. Осы құжаттың енгiзiлуi «Самұрық-Энерго» АҚ «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысуының міндетті шарты. Бұл туралы halyk-ipo.kz порталына аталмыш компанияның Басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев айтты.

«Саланы дамыту бағдарламасын әзірлеумен Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi айналысуда. Премьер-Министр жұмысты осы жылдың күзіне дейін аяқтап, құжатты таныстыруды міндеттеді. Біз бағдарлама жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының құрамына кіреміз», - деді ол.

А. Сатқалиевтың сөзінше, «Самұрық-Энерго» АҚ «Халықтық IPO» бағдарламасына шығуға дайындықты бастап кетті. «IPO-ға шығатын мерзімді Үкімет пен акционеріміз - «Самұрық-Қазына» қоры анықтайды», - деді компания басшысы.

«Самұрық-Энерго» АҚ «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында акцияларын орналастыру жоспарланып отырған мемлекеттік компаниялар тізіміне кіреді.