Конкурстың мақсаты - Қазақстан Республикасының «электрондық үкіметінің» құрылуына өздерінің мақалаларымен үлес қосып жүрген ең үздік мақала авторларын анықтап, марапаттау.
Конкурстық іріктеу Үздік телевизиялық материал», «Үздік баспасөз материалы», «Үздік желілік материал» деп аталатын үш аталым бойынша жүргізіледі. «Әр аталым жеңімпазына жүлдеге планшеттік компьютер беріледі.
Конкурстық материалдарға қойылатын талаптар: материал «Электрондық үкімет» жұмысы туралы болуы керек; тақырыптың өзектілігі мен оқырмандар үшін маңыздылығы назарға алынады; тақырыпқа тың көзқарас қажет; жарияланған материалда халықаралық тәжірибе мен статистикалық мәліметтерді пайдалану керек; келтірілген деректер мен цифрлардың нақтылығына көңіл бөлінеді; ақпарат алу мақсатында сұхбат берушілер саны үштен кем болмауы тиіс: (ресми тұлға, қазақстандық немесе халықаралық сарапшы, «электрондық үкімет» порталын қолданушы); материалдың баспасөз бен интернетте жариялануы, телевизиялық эфирден берілуі міндетті; конкурсқа ұсынылған материалдардың скан-нұсқасын (баспасөз материалы үшін), материалға сілтеме көрсету (желілік материал үшін), қосымша видеоматериал (телевизиялық материал үшін) тапсыру қажет.
Қазылар алқасының құрамына ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, «Зерде» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Измайлов, «ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев, «Егемен Қазақстан» АҚ президенті Сауытбек Әбдірахманов, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ләззат Танысбай, Халықаралық конкурстың «Телевизия» бойынша «Үздік кәсіп иесі» аталымының жеңімпазы Александр Журавлев, «КТК» телеарнасының тілшісі Александр Трухачев, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі («Баспа БАҚ» аталымы бойынша 2008, 2009 жж. жеңімпазы) Светлана Антончева, «Tengrinews.kz» ақпараттық порталының ақпараттар қызметінің жетекшісі Айбек Алдабергенов кірді.
Барлық жұмыстар электрондық нұсқада press.mci@mci.gov.kz мекен-жайына «ҚР электронды үкіметінің жұмысы туралы дайындалған үздік материалдар конкурсына» деген атаумен қабылданады.
Жіберілген материалдар туралы ҚР БАМ баспасөз қызметіне 74-10-04 телефонына хабарлау қажет.