Қазақстанның «электрондық үкіметін» дамыту көзделіп отыр

АСТАНА. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкімет еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанның «электрондық үкіметін» дамыту мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын Мәжілістің қарауына берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасында «электрондық үкіметті» дәйектілікпен қалыптастыру мақсатында Үкіметтің 2007 жылғы қарашаның 30-ындағы қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының «электрондық үкіметті» дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданғаны белгілі.

Аталған бағдарламаға сәйкес «электрондық үкіметті» дамытуды нормативтік құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру оны одан әрі қалыптастырудың бірінші кезектегі бағыттарының бірі болып табылады. Және қоғамның ақпараттық кажеттілігін қамтамасыз ету, электрондық мемлекеттік кызметтерді тұтынушылардың құқықтарын іске асыру үшін жағдай жасау, олардың қолжетімділігін және сапасын арттыру, мемлекеттік органдардың құзыретін белгілеу, сондай-ақ «электрондық үкіметтің» жұмыс істеуі жағдайында олардың қызметін үйлестіру бөлігінде ақпараттандыру саласындағы қатынастарды реттеуге бағытталған.

Мемлекеттік органдардың электрондық қызмет көрсету кезінде ақпараттық жүйелерді қолдануын егжей-тегжейлі регламенттеу электрондық мемлекеттік қызметтер көрсету субъектілерінің қызмет тәртібін бекітетін нормативтік құқықтық актіде көрініс табады.

Заң жобасын реттеу мәні ақпараттық жүйелерді қолданып, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді реттейтін құқықтық нормаларды белгілеу жолымен Қазақстанның «электрондық үкіметі» жүйесін дамыту мәселелері болып табылады.

Заң жобасын қабылдау Қазақстанның «электрондық үкімет» жүйесін дамытуға ықпал ететін болады. Атап айтқанда, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, электрондық мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерінде мемлекеттік басқарудың сапасы мен тиімділігін арттыру, олардың айқындылығын қамтамасыз ету, өтініштерді қарау мерзімін қысқарту, тұтынушылардың және қызметшілердің жүктемесін азайту болжанып отыр. Сонымен қатар ақпараттандырудың дамуына байланысты осы жаңа сала үшін ұғымдық аппарат жетілдірілуде.

Осы заң жобасы бойынша Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті жұмыс тобын құрып, қорытынды әзірлейтін болады.