Қазақстанның елордасы - Астана бүгін 15 жасқа толды

None
АСТАНА. 6 шілде. ҚазАқпарат - Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстанның бас қаласы - Астана бүгін 15 жасқа толды.

Астананың қалай елорда болғандығы туралы деректерден аздаған мәліметтер беріп өтсек. 1994 жылғы шілденің 6-сы күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы қаулысы қабылданды. Бұдан кейін, 1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шықты. Көп кешікпей, 1998 жылы Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап туған күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырды. Жеті жыл қатарынан мереке маусымның 10-ы күні тойланып келді. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге - Астана күні атауы беріліп, оны атап өту - шілденің 6-сына бекітілді. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, шілденің 6-сы - Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.

Атап айтқанда, кеше Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Атамекен» этномемориалдық кешенінде өткен Мемлекеттік Ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік тудың көтерілуі арқылы дәстүр бойынша Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралардың басталатынын айтты. «Бұл күндері Астана жастығының мерейтойын атап өтуда. Қалалардың да адамдар тәрізді өз тарихы, өз тағдыры болады. Жас Астана тарихы - ақиқатқа айналған ұлттық арманымыздың жылнамасы. Осы жылдары еліміздің барлық өңірінен келген жүз мыңдаған қазақстандық елордамыздың құрылысы мен қалыптасуына елеулі үлестерін қосты. Астана - әр қазақстандық үшін олардың жүрегіне жақын», -деді Қазақстан Президенті.

Астанамыздың туған күнін бірнеше күннен бері Қазақстанның дүйім халқы кеңінен атап өтуде. Бас қаланың туған күніне арналған негізгі мерекелік шаралар елорданың өзінде өткізілуде. Осы орайда ҚазАқпарат елорда күнінде, яғни 6 шілдедегі мерекелік іс-шаралардың кестесін жариялайды:

6 шілде, сенбі

10-00 «Жұлдыздармен жол бойында» Салтанатты шеру. «Жастар» сарайы;

10-00 «Айналайын» мерекелік бағдарламасы. «Жерұйық» саябағы;

10-00 «Шуақты қала» атты Астана күніне арналған мерекелік шеру. «Қазақ Елі» алаңы;

11-00 «Астана - бағы биік Асқарымсың» кітап пен поэзия фестивалі..Абай ескерткіші жанындағы алаң;

11-00 «Шаттық» жас таланттар фестивалі. «Бәйтерек» монументінің алаңы;

11-00 «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениетінің фестивалі. «Хан-Шатыр» СОСО жанындағы алаң;

12-00 Неке қиюды тіркеудің салтанатты рәсімі. «Отан корғаушылар» монументінің алдындағы алаң;

12-00 «Серпер» Қазақ аспаптар оркестрлері фестивалінің Гала-концерті.«Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаң;

15-00 «Астана самалы» үрмелі аспаптар оркестрлерінің халықаралық фестивалі: гала-концерт.«Қазақ Елі» алаңы;

16-00 «Азия жаңғырығы» цирк өнерінің халықаралық фестивалі. Астаналық цирк;

17-00 «Ән жүрегім - Астана!» Гала-концерті. Конгресс-холл;

18-30 «Сахнадан сәлем!» театрлар фестивалі. Оқушылар сарайы;

19-00 «Современник» театрының қойылымдары: «Келе жатқан...» спектаклі. Бейбітшілік және Келісім сарайы;

20-00 Театрланған костюмді думан. «Астана Опера» опера және балет театрының алаңы;

21-00 «Өзен әуендері» классикалық музыка кештері. Есіл өзенінің жағалауы;

21-00 «Қайырлы кеш, Астана!» бұқаралық сауығы. «Студенттер» саябағы;

22-00 3D проекциялық шоу. «Астана Опера» опера және балет театрының алаңы;

23-59 Мерекелік салют. «Қазақ Елі» алаңы.