Қазақстанның ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымдары анықталды

None
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Кәсіподақтар федерациясы жариялаған «2012 жыл - бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» шеңберінде «Күшті бастауыш ұйым - күшті кәсіподақ» байқау конкурсының жеңімпаздары марапатталды.

Республикалық «Күшті бастауыш ұйым - күшті кәсіподақ» шарасы екі кезең бойынша өткізілді. Бірінші турда еліміздің барлық өңірлерінен 18 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдары қатысты. Одан өткен 46 ұйым байқаудың екінші кезеңінде бірнеше аталымдар бойынша ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы мәртебесін сарапқа салды. Байқау конкурстың Гран-При жүлдесі «Соколов-Сарыбай» тау-кен-өндірістік бірлестігі» АҚ-ның бастауыш кәсіподақ ұйымына берілді.

 ҚР Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевтің айтуынша, бұл жоба Қазақстанның бүкіл кәсіподақтар қозғалысына жаңа серпін берді, Кәсіподақтар федерациясынан бастап, әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымы үшін үлкен сынақ болды.

 «Сіздердің тәжірибелеріңіз елдегі кәсіподақтар қозғалысының жетістігі болып табылады. Біз 20 жылда көптеген сүрлеуден, ауыр кезеңдерден өттік. Бүгін сол еңбегіміздің жемісін тататын күн туды. Қиыншылығы мен ауыртпалығы мол бастауыш кәсіподақтар ұйымының жұмысын атқарып келе жатқан ең үздік мамандардың осынау форумы алғаш рет өткізіліп отыр. Сіздер Қазақстанның тұтас кәсіподақтар қозғалысының бренді болып табыласыздар», - деді С.Мұқашев жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде.

 Қазіргі таңда елде кәсіподақ ұйымдарына 2 миллионнан астам адам мүше. 26 республикалық және 14 облыстық салалық кәсіби одақ, 18 мың бастауыш кәсіподақ ұйымы бар.