Қазақстанның ең үздік отбасы 12 қыркүйек күні анықталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - "Мерейлі отбасы" конкурсы аясында Қазақстанның ең үздік отбасы Астанада 12 қыркүйек күні анықталады.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комитет төрайымы Махаббат Бекбосынова айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, сайыстың облыстық кезеңі 23 мамырда өткен болатын. Онда жеңіске жеткен отбасылар Астанада өтетін конкурстың ақтық сайысы мен "Мерейлі отбасы" гала-концертіне қатысуға мүмкіндік алды. Бұл шара Отбасы күні қарсаңында өткізіліп, 12 қыркүйек күні еліміздегі ең үздік отбасы белгілі болады», - деді М.Бекбосынова ОКҚ ұйымдастырған брифингте.

Оның айтуынша, «Мерейлі отбасы» конкурсы биыл Қазақстанның барлық өңірлерінде 1 сәуірде басталған болатын. Оған 500-ден астам отбасы қатысты.

«Сайыстың бірінші кезеңі қалалар мен аудандар деңгейінде өтті. Ал екінші кезең облыстар мен Астана, Алматы қалалары деңгейінде өтті», - деп атап өтті М.Бекбосынова.

Айта кетейік, ақтық сынға өткен 16 үміткер отбасының ішінде үздігін таңдау SMS-хабарламалар және интернет арқылы дауыс беру нәтижесінде жүргізіледі. Дауыс берудің басталуы туралы ақпарат ұлттық телеарналар арқылы жарияланады. Финалдың теленұсқасы Отбасы күні, яғни 14 қыркүйекте көрсетіледі.