Бұл туралы бүгін шараның ұйымдастырушысы «Sport Review» журналынан хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, журнал ұжымы бұған дейін 2010 жылдың ең үздік спортшыларын таңдау конкурсы өткізілетінін хабарлаған болатын. Редакция ұжымы конкурсқа қатысушы ең үздік 5 ер спортшы ретінде ауыр атлет Илья Ильин, теннисші Андрей Голубев, велошабандоз Александр Винокуров, футболшы Нұрбол Жұмасқалиев, боксшы Данияр Елеусіновті таңдап алған. Ал ең үздік әйел спортшылар қатарында ауыр атлет Светлана Подобедова, теннисші Ярослава Шведова, биатлоншы Елена Хрусталёва, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, мерген Зәуреш Байбосынова бар.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, жеңімпаз оқырмандар даусы мен белгілі спорт журналистерінің даусы арқылы анықталады. Жанкүйерлер өз спортшысына дауыс беру үшін редакцияның 050008, Алматы қ., Сәтбаев көшесі, 29 «А», 32 кеңсе мекен-жайына жоғарыдағы спортшылар арасынан өзі үздік деп тапқан бір ер, бір әйел спортшының аты жазылған хат жолдауы тиіс. editor@sport-review.kz электронды поштасына хат жолдау арқылы да дауыс беруге болады. Дауыс беру желтоқсанның 31-не дейін жалғасады. Ал ең үздік спортшының аты-жөні 2011 жылдың 12 қаңтарында жария етіледі.