Оның сөзіне қарағанда, экспаттардың елден көптеп кетуіне Қазақстандағы теңге бағамының құлдырауы себеп болып отыр. Оның үстіне ұлттық заңнама бойынша, жұмыс беруші шетелдік мамандарға доллармен бекітілген жалақыны тағайындай алмайды. Сол себепті ол теңге бағамының өзгеруіне байланысты ешқандай кепілдік бермейді.
«Теңге бағамының өзгеруі және жаңа ережелердің әсерінен шетелдік мамандарға Қазақстан аумағында жұмыс істеу тиімсіз болып кетті. 2015 жылдың тамыз айына дейін шетелдік мамандар саны өте көп болатын. Олардың басым бөлігі компанияларда өте жоғары лауазымдар атқарды. Мен бұл жерде ұлттық компаниялар туралы айтып тұрғаным жоқ. Біз ұлттық компаниялармен және мемлекеттік органдармен жұмыс жасамаймыз. Мен үлкен бизнес туралы, ірі компаниялар жайында сөз қозғап отырмын. Негізгі лауазымдарды солар атқарды, бұл банктерге де қатысты, олардың қатарында ағылшын тілді мамандар ғана емес, сонымен қатар ТМД елдерінің, атап айтқанда, Украина, Беларусь және Балтық елдерінің тумалары болды. 2015 жылғы девальвациядан соң, жағдай мүлдем өзгерді, экспаттар елден кете бастады, себебі жалақылары екі есеге дейін төмен түсті. Жұмыс берушілердің барлығы бірдей индексация жасауға дайын болмады», - дейді Д. Әбілхожина.
Оның сөзіне қарағанда, барлық компаниялардың ішінде тек 5-10 пайызы жалақыларына индексация жасаған, оның өзінде еңбекақылары тек 15-20 пайызға көтерілген.
«Әрине, бұндай жағдай экспаттардың көңіліне жақпайды, себебі олар мұнда ақша үшін келген. Сондықтан, олардың жалақылары екі есеге дейін түсіп, ал отандық заңнама бойынша біз оларға доллармен жалақы төлей алмайтын болғандықтан Қазақстан шетелдік мамандар үшін қызықты болмай қалды, сол себепте олар елден кетіп жатыр», - деп атап өтті ол.
«Бұл еңбек нарығында оң үдеріс әкелді, олардың орнына шетелдік менеджерлерден таланты кем түспейтін біздің мамандарды, жергілікті менеджерлерді жылжыта бастады», - дейді Д. Әбілхожина.
Дегенмен, оның сөзі бойынша, шетелдік мамандарға деген сұраныс ешқашан кеміген емес және одан Қазақстан әзірге ешқайда қаша алмайды.
«Шетелдік топ-менеджерлердің басты артықшылығы - түрлі нарықтардағы тәжірибелері және жағдайды жаһандық деңгейде байқай білуі. Сондай-ақ, дайындық базасы да өте мықты», - дейді Д. Әбілхожина.