Мағира Қожахметова 1946 жылы Көкшетау облысы, Зеренді ауданына қарасты Қошқарбай аулында дүниеге келген. Алғашында Көкшетау кітапхана техникумын бітірсе, 1969 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде 1981 жылға дейін қызмет істеген. 1981-1992 жж. «Қазақстан әйелдері» журналында, 1992-1994 жж. «Денсаулық» журналында, 1994-1996 жж. «Ай», 1996 жылдан «Ақ желкен» журналында қызмет еткен. 2002 жылдан бастап балаларға арналған «Балбұлақ» журналын, 2005 жылдан бері көпшілікке арналған медициналық, танымдық «Дертке дауа» газетін шығарып келеді.
«Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай», «Адам құпия», «Жантәсілім», «Жападан жалғыз» кітаптарының, көптеген танымдық материалдардың, шығармашылық портреттердің авторы. 2006 жылы шыққан Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Мәриям Хакімжанованың ІІІ томдық шығармалар жинағын құрастырған.
1982 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасымен, 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2008). 2015 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алды.