Қазақстанның энергетика саласына қарастырыл отырған инвестиция шамамен 7 млрд. долларды құрайды

АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат - Еліміздің энергетика саласына қарастырылып отырған салымдар Индустрияландыру картасының аясындағы барлық инвестицияның 10% жуығын құрайтын болады, Қазақстанның Даму банкінің талдаушылары энергетикалық

салаға қатысты жасаған өз шолуларында осындай мәлімет келтірді. Бұл туралы Pm.kz сайты жазады.

2000 жылы басталған Қазақстанның экономикалық дамуы электр энергиясына деген сұраныстың ұлғаюына сеп болды. Атап айтқанда, 2010 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстанда 82,6 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді, бұл 2003 жылғы көрсеткіштен 30% көп.

Айта кету керек, Индустрияландыру бағдарламасының аясындағы инвестициялар энергетикалық нысандарды қайта жаңартуға және жаңғыртуға жұмсалады, сондай-ақ жаңа қуат көздері мен инфрақұрылымдардың құрылысына бағытталады.

«Елімізде іске қосылып отырған жаңа өнеркәсіптік өндірістер қосымша энергия қуатын талап ететін болады. Ал ҮИИД бағдарламасының аясында іске қосылған энергетикалық нысандар осы энергетикалық сұранысты қамтамасыз ете алады»,- деп атап көрсетті ҚДБ Индустриялық саясат департаментінің директоры Сәбит Суханов.

Банктің шолуында атап көрсетілгендей, перспективалық балансқа сәйкес 2015 жылы елімізде 100,5 млрд кВт/сағат деңгейде электр қуаты тұтынылады деп болжануда. Осылайша, электр энергиясына деген жыл сайынғы қосымша қажеттілік 11,5 млрд кВт/сағатты құрамақ. Ел экономикасының 7% қөсімін қамтамасыз ету үшін осыншалықты электр қуаты керек.

«Жылу және гидроэнергетика сияқты дәстүрлі энергия көздері энергетикалық жобаларды қаржыландырудың перспективалық бағыттары болып қалуда. Оған қоса, жел және күн қуатымен жұмыс істейтін электр стансалары, шағын ГЭС-тер сияқты даму әлеуеттері үлкен және жаңартылатын энергия көздерін де естен шығаруға болмайды», делінген Қазақстанның Даму банкінің аналитикалық шолуында.