Семинар барысында ұйымдастырушылар мен қатысушылар «Әлемдік энергетика және энергия тиімділігі: негізгі тенденциялар, мәселелер мен шешімдер», «Қазақстан - энергия үнемдеудің әлеуеті. Индустриялық-инновациялық даму және энергия тиімділігі»; «ТҮКШ-ны жаңғырту және заманауи тенхологиялар: негізгі міндеттер мен ілкі іс-әрекет нәтижелері», «Энергия үнемдеуші жарықтандыру - үнемдеу қажет пе? Энергия үнемдеуші технологияларға көшудің мәселелері мен оның шешімдері» және тағы да басқа тақырыптарға ерекше көңіл бөлді. Семинар барысында өз алдына жеке талқылауға түскен тақырыптардың бірі «Энергия үнемдеу жөнінде деректер мен аңыздар: нағыз үнемдеу, жарық үнемдеуші шамдардың құрамындағы сынап, денсаулық мәселелері мен жарықтың сапасы» жөніндегі тақырып болып табылды. «Қазақстанның ТҮКШ-н дамыту және жаңғырту орталығы» АҚ, Қазақстанда БҰҰ-ны Дамыту бағдарламасы өкілдері мен Philips компаниясының Ресейдегі және Қазақстандағы «Жарық шешімдері» бөлімшелерінің сарапшылары семинар барысында баяндамамен шықты.
«Энергетика қорларын орынды қолдану мәселесінде адамзат үшін күннен күнге өзектілігі артуда, ал оның шешімі көптеген мемлекеттер үшін, оның ішінде Қазақстан үшін стратегиялық міндетке айналуда. Аталған іс-шара энергия үнемдеу және заманауи технологияларды қолдану идеяларын ілгерілетуге бағытталған. Әсіресе, бұл мәселе Қазақстанның негізгі даму басымдықтары аясында аса маңызды болып табылады. Мәселен, Қазақстан Президенті өзінің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында энергия тиімді технологиялардың ел экономикасында алатын маңызды рөлін баса атап өткен болатын», - дейді Philips компаниясының Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы Давид Галинек.
Халықаралық энергетика агенттігінің бағалауы бойынша, дүниежүзінде тұтынылатын бүкіл электр энергиясының 19 пайызы жарықтандыруға жұмсалады. Қазіргі замандағы жарық технологиялары электр энергиясын тұтыну мөлшерін 40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш әлемдік ауқымда жылына 106 млрд. еуроны үнемдеуге тең. Экология тұрғысынан алып қарағанда, бұл үнемдеу көмірқышқыл газының ауаға шығарылуын жылына 555 млн. тоннаға азайтып, электр энергиясының 2 терраватын және мұнайдың 1,5 миллиардын үнемдеуге әкеледі.
«Энергия үнемдеуші технологияларды енгізу қажеттілігі Қазақстан Республикасының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты міндеттерінің бірі болып табылады. Үнемдеу және энергия қорларын орынды пайдалану өз үйімізден басталуы тиіс, өйткені біздің әрқайсымыздың электр қуатын, жылуды және өзге де қуат көздерін тұтынуға деген қатынасымыз елімізде тұтынылатын энергияның жалпы көрінісін береді. ТҮКШ-ны дамыту және жаңғырту орталығы білімдер мен жаңа технологияларды тарату мәселесімен белсенді түрде айналысуда; біздің тарапымыздан жүргізілетін пилоттық жобалар оң нәтиже мен өзгерістерді байқатып, жаңадан енгізілген шаралардың энергия тиімділігі мен үнемділігін көрсетіп отыр», - деп атап өтті «Қазақстанның ТҮКШ-ны дамыту және жаңғырту орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Салтанат Темірқұлқызы Рахымбекова.
Ал "Энергопром" ҚазҒЗИ президенті Геннадий Андреевтің бағалауы бойынша, Қазақстанның энергия үнемдеу әлеуеті энергия тұтынудың жалпы деңгейінен 30 пайызды құрайды, бұл энергияны үнемдеу мүмкіндігінің бар екендігін тағы да дәлелдейді.
Іс-шара ұйымдастырушылары Қазақстанда БҰҰ-ны Дамыту бағдарламасы, Philips компаниясының Өкілдігі және Қазақстан Баспасөз клубы болып табылды. Оған «Қазақстанның ТҮКШ-ны дамыту және жаңғырту орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Салтанат Рахымбекова, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жаңа технологиялар және энергия үнемдеу департаментінің директоры Ғалым Әмірее қатысты.