Қазақстанның еркін күрес шеберлері кадеттер арасындағы Әлем чемпионатында жалпыкомандалдық есепте 4-орын алды

АЛМАТЫ. 25 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Венгрияның Сомбатхе қаласында еркін, грек-рим және әйелдер күресінен кадеттер арасында І Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Алғашқы екі күннің қорытындысы бойынша қазақстандық еркін күрес шеберлері жалпы командалық есепте 39 елдің арасында 56 ұпаймен төртінші орында келе жатыр.

Олардың қоржынында қазір 2 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде бар. Онда жарыстың алғашқы күні 42, 50, 58, 69 және 85 келідегі балуандар белдескен болатын. Бұл сында Азамат Тойбек (42 кг) күміс, Азамат Даулетбеков (69 кг) қола жүлдегер атанды. Ал кеше 46, 54, 63, 76 және 100 келідегі балуандардың белдесуінде Владимир Кудрин (46 кг) менЕлхан Асадов(76 кг) алтын, Ілияс Жұмай (63 кг) қола жүлденің иегерлері атанды. Енді онда 25-26 тамызда әйелдер күресінің, ал 27-28 тамызда грек-рим күресі шеберлері арасындағы сайыстар болады.