Қазақстанның фермерлер делегациясы Францияда өткен малшылар саммитіне қатысты

None
ПАРИЖ-БРЮССЕЛЬ. 8 қазан. ҚазАқпарат / Димаш Сыздықов/ - 5-7 қазан күндері «Қазагромаркетинг» АҚ басқарма төрағасы Айгүл Ахмеджанова бастаған Қазақстан фермерлерінің делегациясы Францияның Клермон-Ферран қаласында өткен «Малшылар саммиті» атты ірі халықаралық көрмеге қатысты.

Сапар Франциядағы Қазақстан елшілігінің қолдауы бойынша ҚР құрметті консулы Доминик Пажес, Францияның «Интербев» мал шаруашылық қоғамдастығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Аталмыш саммит ет шаруашылығына негізделген және әлемдегі ірі экспозициялардың бірі бола отырып, 75 мың адам мен мың жарым фермерлік шаруашылықтардың басын қосты. Көрмеге екі мың жануар қойылған.

Еліміздің барлық аймақтарынан аттанған 25 қазақстандық шаруа франциялық өнімдер мен алдыңғы қатарлы технологияларды аса қызығушылықпен тамашалап, тәжірибе алмасты.

Саммит аясында Қазақстанның аграрлық әл-ауқатына арналған арнайы семинар да болды. Франция фермерлерінің алдында сөз алған Қазақстан өкілдері жиналған қауымды ҚР-ның мал шаруашылығын қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламасымен таныстырып, екіжақты аргарлық ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік білдірді.

«KazAgroTrade» кәсіпорнының еліміздегі ет өндірісін сапалы түрде жақсарту мақсатымен Франциядағы белгілі «Обрак» асыл тұқымды 75 сиырды Қазақстанға жеткізу жөніндегі келісімге қол жеткізуі - сапардың айтарлықтай жетістігі болды.

Овернь аймағының шенеунігі М.Лами мен малшылар саммитінің президенті Р.Блан іс-шараға келіп қатысқаны үшін Қазақстан делегациясына алғас айта отырып, біздің елімізбен ынтымақтастықты дамытуға үлкен мүдделілік танытты.

Ал жергілікті «Ля Монтань» басылымы Қазақстанның аграрлық әл-ауқаты мен Қазақстан делегациясының келуіне орай үлкен мақала басып шығарған. Мақалада Қазақстан ежелден-ақ мал шаруашылығы саласындағы оқ бойы озық тұрған ел екендігі және қазіргі таңда да өз қуатын белсенді түрде арттырып отырғаны айтылған.