Қазақстанның Франциямен бірлесіп жасайтын жер серігінің сапасы жоғары болуы тиіс - Т. Мұсабаев

АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанның Франциямен бірлесіп жасайтын жер серігінің сапасы жоғары болуы тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, бұл жұмысты жүргізуге егжей-тегжейлі, мұқият қару керек. Бұл жер серегі ҚазСат1-дің тағдырын қайталамауы тиіс. «Жер серігін құру өте ұзақ процесс. Егер мұқият болмай, қалай болса солай жасалатын болса бұл жұмысты 3 жылдың ішінде бітіруге болады. Ал, шын мәнінде жер серігі шамамен 4 жылдың ішінде жасалады», деді ол. Т. Мұсабаев француздармен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. «Біріншіден, бірлескен кәсіпорын құрылды. Оның барлық құжаттары дайын. Астана қаласында құрастырғыш-сынағыш ғарыш кешенінің құрылысын салу жөнінде келісімшарт дайындалды. Архитектуралық-жобалаушылық тапсырмалар алынды. Инженерлік-геодезиялық жұмыстар жүргізілді. Бас серіктес Францздың «ИДС Астриум» компаниясымен бірнеше келіссөздер жүргізілді», деді ол.