Қазақстанның футболдан жастар құрамасы өз алаңында жеңіліске ұшырады

АЛМАТЫ. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Серік Қойбағаров/ - Жастар арасындағы 2011 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында маусымның 7-сі күні кешке Алматыда Қазақстан мен Черногорияның жастар командалары кездесіп,

ойын алаң иелерінің жеңілісімен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ойын бастала салып, «Фиорентина» шабуылдаушысы Стефан Йоветич есеп ашты. Ал екінші голды екінші таймда, қонақтардың қорғаушысы Слобадан Лакичквич айып добын тепкенде салды. Естеріңізге сала кетейік, бұл Қазақстан жастар құрамасының іріктеу турнирі аясындағы үшінші ойыны. Жерлестеріміз алғашқы ойынын ағымдағы жылғы наурыздың 29-ында сырт алаңда Израильмен өткізіп, 1:1 есебімен тең түскен болатын. Одан кейін өз алаңында Болгарияны 2:0 есебімен жеңген еді. Қазақстандық команда жастар арасындағы 2011 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы ендігі кездесуін қыркүйектің 4-інде Болгарияда өткізеді, черногориялықтар дәл сол күні өз алаңында швециялық әріптестерін қабылдайды. Іріктеу турниріне барлығы 52 команда қатысуда. Дания чемпионатты ұйымдастыратын ел болғандықтан, бірден финалға жіберілді. Қалған командалар он топқа бөлінді. 2009 жылғы наурыздың 28-інде басталған, 2010 жылғы қыркүйектің 7-інде аяқталатын іріктеу турнирінде топтардың әрқайсында екі айналымнан тұратын ойындар өтеді. Іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша әр топтың жеңімпазы және нәтижелері үздік екінші орын алған төрт команда плей-оффқа өтіп, жеті жұпты құрады. Бұл кезеңде сәтті ойнаған жеті жұптың жеңімпаздары Даниядағы финалдық турнирге жолдама алады.