Қазақстанның футзал құрамасы испандықтардан жеңіліп қалды

БАКУ. 26 ақпан. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Еуропа чемпионатының футзалдан 1-топ командалары арасындағы біліктілік раундының аясында қазақстандық құрама осы атақтың қазіргі иегері - Испания командасынан жеңіліп қалды.

Отандық спортшылар футзалдан Қазақстан құрамасы тарихындағы өзінің 50-мерейтойлық ойынына шығып, Еуропаның бес мәрте чемпионынан 0:5 есебімен жеңіліп қалды.

Сөйтіп, қазақстандықтар жарыстардың келесі сатысына өту мүмкіндігінен айрылды. 27 ақпанда Әміржан Мұқановтың тәлімгерлері қорытынды ойынды кеше Әзірбайжан құрамасынан 2:4 есебімен жеңіліп қалған француздармен ойнайды.

Сонымен қатар, жексенбі күні аталмыш сатының басты матчы өткізіледі, бұл жолы Әзірбайжан құрамасы Испаниямен кездеседі. Әзірбайжан құрамасының бас бапкері Сильва Жозе Алезио хабарлағандай, Әзірбайжан топтағы бірінші орынға - Еуро-2012-інің финалдық сатысына енуге ұмтылады.