16:28, 04 Мамыр 2009
«Қазақстанның ғылымы мен өмірі» деп аталатын халықаралық ғылыми-көпшілік журнал жарық көрді
АЛМАТЫ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» деп аталатын жаңа халықаралық ғылыми-көпшілік журналының таныстырылымы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Есберген Алауханов бұған дейін «Қазақстан ғылымының әлемі» деген журнал шығарған болатын. Бұл оның редакторлығымен жарық көрген екінші халықаралық басылым болып отыр. Жалпы елімізде қазіргі таңда 7-8 құқықтық журнал бар. Құқықтық ғылымның деңгейін көтеру үшін енді ең алдымен олардың рейтингін жасау керек. Екінші, білім беру сапасы жеке факультет деңгейінде емес, бүкіл университет ауқымында бағаланады. Сондықтан оның имиджін көтеру үшін жаңа басылымды университет ректоры өз қамқорлығына алуы керек сияқты», дейді ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы Салық Зиманов.ҚР Құқықтық сараптама және халықаралық ғылыми зерттеулер орталығының құрылтайшылығымен жарық көрген бұл басылым алдағы уақытта екі айда бір рет шығарылмақ. Наурыз айында Париждегі ISSN халықаралық орталығында ISSN 2073 ? 333Х нөмірімен тіркеуден өткен журналдың бас редакторы заң ғылымының докторы, профессор Есберген Алауханов. Редакция алқасы Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Украина, Германия және АҚШ, ал редакциялық кеңес Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Черногория, Голландия, Қырғызстан мен Түркия ғалымдарынан жасақталған.