Қазақстанның Халық қаһарманы, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәмбетов дүниеден озды

А. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат ‑ Бүгін 78 жасқа қараған шағында Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның және Қарақалпақстанның халық әртісі, әйгілі режиссер, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов дүниеден озды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Белгілі кинорежиссер, актер әрі профессор Әзірбайжан Мәмбетов 1932 жылы РФ Волгоград облысы, Паласовка ауылында дүниеге келген. 1952 жылы Алматы хореография училищесін, 1957 жылы Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік театр өнері институтының режиссерлік факультетін бітірді. Институтты бітірген соң Ә. Мәмбетов М. Әуезов атындағы Қазақ драма театрының режиссеры, 1965 жылы бас режиссеры қызметтерін атқарды. 1976 жылы оған КСРО Халық әртісі атағы берілді.

Әзірбайжан Мәдиұлы өзінің режиссерлық еңбек жолын 1957 жылы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында Ш. Хұсайыновтың «Ертіс жағасында» атты пьесасын қоюмен бастаған. Осы өнер ордасында жүріп Ә. Мәмбетов Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», М. Әуезовтың «Айман-Шолпан», Қ. Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай», Лопе де Веганың «Қызғаныштан махаббат» секілді көптеген пьесаларын қою арқылы комедия жанрында дарынын ұштай түсті. Ол көпшілік жүрегінен кең орын алған «Ән қанатында», «Қан мен тер», «Жаушы» фильмдерін қойды.

Ә. Мәмбетов 1999 жылдан бастап елордадағы Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік музыкалық-драма театрының көркемдік жағын басқарды. Астана қаласының құрметті азаматы, ҚР Үкіметі жанындағы Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комиссияның мүшесі. «Отан», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Қазақстанның Халық қаһарманы» ордендерімен және медальдарымен марапатталған.