Қазақстанның халық суретшісі Ә. Ысмайыловтың «Әлем көшпенді бояуында» кітап-альбомы жарыққа шығады

АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанның халық суретшісі Ә.Ысмайыловтың туғанына 100 жыл толуына орай «Әлем көшпенді бояуында» кітап-альбомы жарыққа шығады. Бұл туралы бүгiн ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi Ақпарат және мұрағат комитетiнiң төрағасы Болат Кальянбеков мәлiм еттi.

"Ертең, Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың туғанына 100 жыл толуына орай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi үш тiлде (қазақ, орыс, ағылшын) «Әлем көшпенді бояуында» атты кітап-альбомын жариялайтын болады. Сонымен қатар министрлiк суретшiнiң туған-туыстарының естелiктерi негiзiнде деректi фильм түсiрудi қолға алуда. Оған ресейлiк мамандар да тартылатын болады. Аталмыш фильмдi бiз биылғы жылдың соңында көрiп қалуымыз ықтимал. 30 минуттық картинада Ә. Ысмайыловтың тағдыры және оның шығармашылық жолы әрiптестерiнiң, мәдениет саласындағы сарапшылардың көзқарасымен берiлетiн болады", - дейдi Болат Кальянбеков.

Әубәкір Ысмайылов ҚР мәдениет қайраткері әр жылдары Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен марапатталған, Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Халық суретшісі атағын иеленген. Оның бай мұрасы бүгінгі таңда қазақ бейнелеу өнерінің алтын қорынан лайықты орнын алып отыр. Хас шебердің кескіндемелік және графикалық туындылары өзінің орындалу шеберлігімен, тақырыбы мен сюжетінің шексіз алуандығымен, бояуының байлығымен және образдарының философиялық көтеріңкілігімен таңғалдырады.